25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Талқин – иманын үйіру

Талқин – иманын үйіру

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ассалаумағалайкүм. Жан тапсырайын деп жатқан адамға «иманын үйіру» үшін кәлима шәһәданы қалай айтқызады?

Жан тапсырайын деп жатқан адамға «Ләә иләһә иллаллаһ» кәлимасын айтқызу үшін қасында шәһада кәлимасын (куәлік сөзі) қайталап тұру мұстахаб амалға жатады. Себебі, Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Өлім сәтінде жатқан кісілеріңе «Ләә иләһә иллалланы айтқызыңдар» (Мүслім риуаяты).

Жоғарыдағы мәтіннен байқағанымыздай, өлім халіндегі кісіге кәлима шәһадатты айтқызу - сүннет. Мұны шариғатта талқин деп атайды. Талқинның мағынасы қайталату, айтқызу, үйрету, оқыту. Хадистегі «Лаққину» сөзінен шыққан.

Өлім халінде жатқан адамға жан алқымға келіп, қырылдап қалмай тұрып, «Әшһәду ән ләә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадар расулуллаһ», - деп кәлиманы жай дауыспен айтып тұру керек. Бірақ бұл сөзді айтқызуға тырысып, оны қыстамаған жөн.

«Ләә иләһә иллаллаһ» дегеннен соң дүнияуи сөз сөйлемесе, оған аталмыш кәлиманы қайталатудың қажеті жоқ. Ал егер кәлимадан кейін дүнияуи сөз сөйлеп қойса, онда кәлиманы қайта айтуы үшін есіне салган жөн. Жан тапсырайын деп жатқан кісінің жанында бала-шағасы мен ең жақын адамдары және дос- жарандарының болуы мұстахаб».

Қасында тұрған кісілердің сырқатқа дұға етуі - мұстахаб («Әл-Аламгирия» фәтуәлары).

Хайз (етеккір) немесе нифас (әйелдерде босанғаннан кейінгі келетін қан) жағдайындағы әйелдер және жүніп, яғни ғұсыл құйынуы тиіс кісілер жан тапсырайын деп жатқан кісінің жанында болмағаны жөн («Әл-Бахр ар- Раиқ» кітабы). Өлім халінде жатқан кісінің қасына хош иісті әтірлер қою - мұстахаб», - деген.

Өлім алдындағы кісінің қасында кәлима айтып отыруды қазақ танымында «иманын үйіру» деп атайды. Қалай болғанда да пенденің соңғы сөзі кәлима шәһадат болуы үлкен бақыт.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын); «Кімнің соңғы сөзі «Ләә иләһә иллаллаһ» болса, ол жаннатқа кіреді», - деген (Әбу Дәуіт риуаяты).

Ummet.kz

Бөлісу: