Сұрақ: Мұсылман әйелдің бөтен ер кісімен кол беріп амандасуына бола ма?
Жауап: Алдымен, «сәлем» сөзі – араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзінен алынған кірме сөз. Мағынасы «тыныштық», «бейбітшілік», «амандық-есендік» дегенді білдіреді. Мұсылман қауымы осы сөзді қолданып, бір-бірімен сәлем беріп, сәлем қайтарады.
Шариғатта сәлемді (танитын, танымайтын кісіге) бірінші болып беру – сүннет амал. Ал, оған жауап қайтару уәжіп болып табылады. Әйгілі хадисте: «Екі мұсылман кездесіп, бір-бірімен қол беріп амандасқан кезде, олардың күнәлары қош айтысқанға дейін кешіріледі»[1], - делінген. Басқа риуаяттарда екі мұсылман қол беріп, сәлемдескен кезде, сол сәтте олардың амандасып жатқан қолдарының арасынан күнәлары ағып төгіледі деп келтіріледі.
Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай айтылған: «Мұсылманның мұсылманға бес ақысы бар: сәлем қайтару, ауырған адамды зиярат ету, жаназаларға еру (қатысу), шақыруға жауап беру және түшкірушіге дұға айту («ярхамукалла» деу)»[2]. Қол беріп бір-бірімен сәлемдесу, Ислам дінінде тек ер кісілерге қатысты атқарылартын сүннет амал.
Мұсылман әйел кісілерге бұл үкім жүрмейді.
Мұсылман әйелдердің бөтен ер адамдармен (махрам[3] емес) қол беріп амандасуы – Ислам дінінде құпталмайтын іс. Алла Елшісі (с.ғ.с.) осыған қатысты былай деген: «Расында мен әйелдермен қол беріп амандаспаймын»[4]. Айша (р.а.) анамыздан жеткен келесі бір хадисте: «Алланың атымен ант етейін! Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қолы өзге әйелдердің қолына тиген емес. Олармен тек сөз сөйлеу арқылы келісім жасасқан»[5] - деп келеді.
Сонымен қатар, мұсылман әйелдердің шариғат шеңберінен шықпаған түрде махрам ер кісілермен* (күйеуге шығуға тыйым салынғандар) және өзге әйелдермен қол беріп амандасуына рұқсат етіледі. Егер де, танымайтын бөтен ер адам мұсылман әйелге (қол бермей, жай ғана) сәлем беретін болса, онда оған ешқандай жауап қайтармағаны абзал. Танитын махрам емес ер адам (жұмыс бабымен, нақты шаруалармен) амандасқан жағдайда, оған даусын көтермей жауап береді немесе ишарамен жауап бергендігін білдіртеді.
*Ескерту: Мұсылман әйел махраммен қол беріп амандасуына болады екен деп, онды-солды қолын созып, амандаса бергені де орынды емес. Хадисте: «Ұят – иманның бөлігі»[6] - делінген. Ислам діні адамды қандай жағдайда болмасын бұзықтық пен ұятты істен сақтайтын өмір салтын ұстануға шақырады.
Осыған орай, қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасаң, сондай болып өседі. Қыздың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуы тиіс. Қазақ ықылым заманнан қыз баласын намысым, арым, ұятым деп қадірлеген[7].
ummet.kz
[1]Ахмад, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжә.
[2]Имам Бұхари.
[3]Махрам - күйеуге шығуға тыйым салынғандар. Күйеуге шығуға тыйым салынғандар: әке, аға-іні, өз баласы, әкесі жағынан ағасы (әкесінің бауыры), анасы жағынан ағасы (анасының бауыры), қайын атасы, немере, күйеуінің (басқа некеден туған) баласы, күйеу бала (қызының күйеуі).
[4]Нәсәи.
[5]Ибн Мәжә.
[6]Имам Бұхари, Имам Мүслим.
[7]https://www.muftyat.kz/kz/article/2881,тақырыбы: «Әйел сұлу қашанда әдебімен...».