19 сәуір. НҰР-СҰЛТАН. Ummet.kz - Сауд Арабиясының Қажылық министрлігі қасиетті орындарға қажылық жасау үшін шетел азаматтарына берілген құжаттар көрсеткіші туралы деректерді жариялады, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Биыл кіші (ұмра) қажылыққа бекітілген виза саны 5,7 миллионға жеткен, деп жазады Regnum.
Asharq Al-Awsat саудиялық ақпараттық агенттіктің мәліметінше, құжаттар бойынша елде қазір 500 мыңға жуық адам қажылық өтеп жатыр. Статистика деректеріне сәйкес, қажылардың басым бөлігі корольдікке әуе жолдары арқылы келген, сондай-ақ 500 мың адам құрлық арқылы, 60 мың адам теңіз көліктері арқылы жеткен.
Сауд Арабиясына қажылардың басым бөлігі Пәкістаннан (1 222 459), одан кейін Индонезия (808 698), Үндістан (513 031), Египет (315 604) және Түркиядан (250 713) келген.
Айта кету керек, қасиетті қос мешіт істері жөніндегі басқарма қызметкерлері тәулік бойына өз міндеттерін үздіксіз атқарып келеді. Оның ішінде мешіт территориясының тазалығы, техникалық қызмет және мешіт аумағымен таныстыру жұмыстары бар.
Қажылар легін арттыру Сауд арабиясы үкіметінің мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттар қатарына кіреді.