Бішкек қаласындағы отбасының жалғыз асыраушысы 13 жасар Айчурек есімді қыз туралы хабар Қырғызстан ақпараттық кеңістігін шарлап кетті.
Мектеп оқушысы Айчурек Сүлейменова өзіне аяулы адамдарды асырау үшін базар жағалап, пакет жинайды. Оны сатып, тапқан-таянғанын үйіне жеткізеді. Сабағы біте салысымен ол осылайша күн сайын жұмыс істейді. Себебі, үйінде оны кішкентай інісі мен дертке шалдыққан анасы күтіп отыр.
Анасы Ырысқан Сүлейменова осыдан 5 жыл бұрын инсульт алып, салдарынан еңбек етуге жарамай, мүгедек болған. Ал отбасына қорған болады деген ері әйелі мен балаларын тастап кетті. Сондықтан, бұл шаңырақтың бар ауыртпалығы Айчуректің мойнына түсті. Айчурек үй мен түздегі жұмыстың көптігінен мектептегі сабағына да үлгере алмайтын кездері жиі болады. Осыған қарамастан жеткіншек болашақта білікті дәрігер болып, жақын-жуықтарын емдеуді армандайды.
«Қиындықты балғын шағынан көруге мәжбүр болды. Мен әрдайым оған түскен ауыртпашылықты ойлап, уайымдаймын. Қызым бәрін түсінеді, мені ренжітпеуге бар күш-жігерін салып жүргенін байқаймын» дейді анасы.
Тағдыры қилы отбасы жайында журналистерге хабар жетісімен, қоғам тарапынан Сүлейменовтер шаңырағына қол ұшын созуға ниеттілер қатары да көбейді. Бүгінде мемлекеттік қызметте, жеке кәсіпте, әр түрлі салада жұмыс ісейтін отандастары ешкімге қол жайып, ешнәрсе сұрап көрмеген Айчуректің үйіне азық-түлік, киім-кешек әкеліп, қолдау білдіруде.
{youtube}4XZXU8N4l24{/youtube}
ummet.kz-ақпарат