9 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) ресми сайтында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының барша мұсылман үмбеті мен Ислам ғұламаларына жолдаған Үндеуі жарияланды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Мұсылман мемлекеттері басшыларының 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр. 1972 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымының жанынан Халықаралық ислам ақпараттық агенттігі ашылған болатын.
Агенттіктің ресми сайтында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының барша мұсылман әлеміне жолдаған бейне Үндеуі жарияланды. Бас мүфти бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған жұқпалы індеттің салдарынан қорғану үшін қасиетті жұма күні барша мұсылманды бір мезгілде дұға етуге шақырған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды. Елордада 2011 жылы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға 1 жыл төрағалық етті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады. Өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды.