1 шілде. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әр облыстағы өкілдіктері Арыстағы ағайынға қол ұшын созамын деген ел-жұрттың басын біріктіріп, жиналған материалдық көмектерді межелі орынға аттандыруда, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Арыстағы қайғылы жағдайдан кейін ҚМДБ бастамасымен барлық өкілдікте арнайы акциялар ұйымдастырылып, аяқасты қиындыққа душар болған бауырларымыздың алғашқы және ең қажетті деген керек-жарағын қамтамасыз ету ниетімен материалдық көмектер қабылдау пункттері ашылған болатын. Қанатымен су сепкен қарлығаштай алыстағы қандасына қамқорлық танытқан халықтың атсалысуымен жиналған алғашқы көмектер Арысқа қарай жолға шықты.
Атап айтар болсақ, Алматы қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен, Арыс қаласында болған төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында Алматы Орталық мешітінен «Арысқа жылу» атты қайырымдылық керуенін аттандырды.
Қайырымдылық шарасына бұзылмайтын азық-түлік, тұрмысқа қажетті киім-кешек, көрпе-төсек, гигиеналық заттар қабылданды. Ауыр жүк көлігіне тиелген заттар, шамамен, 15 тоннаға жуық.
Одан бөлек қайырымдылық науқанынан қаржылай көмек көрсетем деушілер де қала мешіттерінде қойылған арнайы жәшіктерге және ҚМДБ «Зекет» Корпоративтік қорының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің есеп шотына ақшаларын салды. Нәтижесінде 6 млн-ға жуық қаржы жиналды. Бұл қаражаттың барлығы арыстықтардың есебіне үлестірілетін болады.
Ал, Орал облыстық орталық мешітінде «Арыспен біргеміз» атты арнайы топ жасақталды. Мешіт ауласына жүк көлігі қойылып, қалың жұртшылық қолынан келген көмектерін аямады. Жүк көлігі қасиетті жұмадан кейін Арыс қаласына аттанды.
Павлодар облысына қарасты мешіттерде «Арыс, біз біргеміз!» республикалық науқаны арқылы «Кереку көмегі» атты қайырымдылық шаралары жүргізілуде. Соның бірі қасиетті жұма күніне орай барлық қала, аудан мешіттері ұйымдастырып жатқан «Қайырымдылық жәрмеңкесі». Жәрмеңкеден түскен таза пайда Арыстағы ағайындарға көмекке жіберіледі.
Сонымен қатар, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің ұйымдастыруымен қаржылай көмек көрсетем деушілерге Каспиголд арқылы ашылған «Кереку көмегі» есепшоты да көрсетілген. Бірнеше күннен бері жалғасқан науқан бүгін аяқталып, түскен қаржы Арысқа жолданады.
Жамбыл жұртшылығы да ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі мен «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Һибатулла Тарази» мешітіне шамасы жеткен көмектерін тасыды. Жамағат жүгіріп ойнаған баладан еңкейген қартқа дейін көмекке азық-түлік, химиялық құралдар, сәбилерге арналған жөргектер сынды барлық керек-жарақты заттай да қаржылай да жинады.
Асар тек Тараз қаласынан ғана емес, облыстағы барлық аудандардан осында жолданды. Жиналған көмек жүк көлігіне тиіліп, жауапты қызметкерлермен бірге Шымкент қаласына жөнелтілді.
Сондай-ақ, ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен Арыс қаласындағы апаттан зардап шеккендерге жәрдем беру үшін ұйымдастырылған «ЕЛОРДА АСАРЫ» қайырымдылық керуені Арысқа жетті.
Арыс қаласының қабылдау базасына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау, Атырау облыстарынан жеткен азық-түлік, керек-жарақтары ҚМДБ Төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Тағанұлының бақылауымен табысталды.