2 маусым. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айы бойы Бас мешітте Құран хатым еткен қарилармен кездесу өткізді, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қасиетті ай бойы Бас мешіт жамағатына тарауих намаздарында имамдық етіп, Алла сөзін жүректерге жеткізген қариларымыз кеше, қасиетті Қадір түні Құран хатымды аяқтап, дұғасы жасалған болатын.
Айта кетейік, биылғы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі тарауих намаздарына елімізге белгілі қарилар Ерсін Әміре, Жұманазар Өсерханұлы және Мұртаза Ертайұлы имамдық еткен болатын. Еліміздің маңдайалды қарилары Бас мешіт жамағатына тарауих намаздарын ғана өтіп қоймай, уағыз-насихат жұмыстарын да жүргізіп, Рамазан айының берекелі өтуіне үлес қосты.
Құран білгірлерінің ынта-ықыласы мен көрсеткен еңбегі үшін Бас мешіт ұжымы атынан Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы ризашылығын білдіріп, арнайы «Алғыс хат» табыстады. Мешіт имамдарымен өткен мәжіліс барысында ізгі тілектер айтылып, дұға жасалды.