17 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз белгілі қари, «Қауам Ад-дин Әл-Итқани Әл-Фараби Әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының директоры Сәдуақас Олжабайұлын қабылдады, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Кездесуде Сәдуақас қари Олжабайұлы өзі басқаратын қарилар дайындау орталығының жұмысын Бас мүфтиге баяндап берді. Сонымен қатар орталықтың алда атқаратын жоспарымен бөлісті.
Басқосуда қарилардың әлеуеті, рамазан айында мешіттерде оқылып жатқан Құран хатымның жүйесі, қасиетті Құран Кәрімді аудару мәселелері, республикалық Құран жарыстарын ұйымдастыру шаралары сөз болды.
«Қарилар дайындау – мүфтияттың жұмыс бағыттарының бірі. Аллаға шүкір, қазір шетелден қари алдырып, рамазан айында мешітте Құран хатым жасатуға мұқтаждық жоқ. Мешіттерімізді өз қариларымызбен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға аса мән беруіміз керек», – деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Кездесу соңында Бас мүфти орталық директорына нақты тапсырмалар берді.