10 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Ел басына күн туып, ерлер етігімен от кешкен кешегі қан майданнан аман қайтқан ардагер ақсақалдарымызға бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі атынан да айрықша сый-құрмет жасалды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы негізінде бүгін Елорда имамдары барлық ардагер ақсақалдарды зиярат етіп қайтты, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған топ бүгінде 94-ке келген Бакишев Тұқпат атамыздың үйіне барып, Жеңіс мерекесімен құттықтап қайтты. Майдангер қарттың отбасына гүл шоқтарын сыйлап, сый-сыяпаттарын тарту еткен мешіт қызметкерлеріне атамыз алғысын жанарымен білдіріп, әлсіз ғана қолымен қысып қойды. 16 жасында төлқұжатында туған жылын өзгертіп, өз еркімен соғысқан аттанған Тұқпат атамызды кәрілік меңдеп, кейінгі кезде сырқаты асқынып кеткені байқалады. Бірнеше күннен төсек тартып жатып қалған батыр атамызды сырқат меңдеп, басын көтеруге де қауқары қалмағандай.
Наурызбай қажы Тағанұлы ардагер ақсақалды бүгінгі Жеңіс мерекесімен, қасиетті Рамазан айымен құттықтап, атамыздың деніне саулық тілеп, арнайы дұға жасады.