8 мамыр. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Тараз қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ашық кітапхана» атты орталық ашылды. «Жамбыл – адалдық алаңы» акциясы аясында жүзеге асырылған жоба оқырмандардың ішкі мәдениетін арттырып, сыбайластықты тежеуді көздейді, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Жаңа залда оқырман кітапханашының көмегінсіз тіркеліп, белгілі бір мерзімге дейін үйіне кітаптар алуына болады. Бұл жоба бір жағынан қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және кітапханаға келушілердің жауапкершілігін арттыруға сеп болмақ.
«Мұндай ерекше нысан Жамбыл облысындағы руханият саласында алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл көпшіліктің адалдық мінезін, турашылдық қасиетін қалыптастыруға көмектеседі. «Жамбыл – адалдық алаңы» шеңберіндегі осындай шаралар әлі де жалғасады», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев.
«Ашық кітапхана» залындағы кітаптарды 15 жастан жоғары және зейнет жасындағы тұрғындар алып оқуына мүмкіндік бар. Ал келушілер болса, оқырмандар үшін осындай жағдай жасалғанына дән риза.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Қуантайсәт Айтуғанұлының айтуынша, бұл қала жастарына үлкен жаңалық болды.
«Шоқандай алып тұлғаның есімін иеленген рухани орталықтың шаңырағында «Ашық кітапхана – адал оқырман» орталығының игілікке берілуі бізге, жас білімгерлер мен оқырмандарға үлкен білімнің есігін айқара ашқандай болды. Осындай орталықта қазақтың көптеген адал ұрпағы, сауатты оқырманы көптеп шығады деген үміттеміз», - дейді ол.
Айта кетейік, кітапханашысыз кітапхана залы Жамбыл облысының орталығында алғаш рет ашылып отыр. Сондай-ақ, осындай орталықты Тараз қаласындағы 8 кітапханада жүзеге асыру жоспарда бар.