13 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елімізде діни мазмұны бар білім және ақпараттық материалдардың Конституцияға және заңға сай келуі тұрақты түрде тексеріледі. Бұл туралы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Хабар арнасына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Дін деген өте нәзік сала екенін түсіну керек. Заңнамаға енгізілетін әрбір шешім, әрбір өзгеріс өте тыңғылықты зерттелуі тиіс. Себебі, адамның құқығын қорғау, діни сенім бостандығы мен деструктивті ағымдардың әсері арасындағы балансты сақтай білудің маңызы зор. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда конфессияаралық келісімді сақтау ісінде орасан зор тәжірибе жинақталды. Бұны халықаралық сарапшылар да, байқаушылар да ерекше атап өтеді. Міне, бізге заңды жұмыс істеп жатқан діни бірлестіктермен қазіргі таңда осынау позитивті тәжірибені бекемдеп, ынтымақты, конструктивті өзара әрекетті күшейте беру керек. Бізге дінтану сараптамасын жүргізудің тиімділігін әрдайым арттырып отыру керек деп есептейміз. Бұл жерде діни мазмұны бар білім және ақпараттық материалдарды Конституцияға және заңға сай келуін тексеру туралы айтылып отыр», - дейді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, радикалды діни идеялардың тұзағына түскен жандарды оңалту жұмысына қазіргі уақытта баса назар аударылып отыр. «Жұмысты әртүрлі топтар жүргізуде. Оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемелерінде де тыңғылықты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Террористік белсенділік танылған аумақтардан келіп жатқан жасөспірімдермен жұмысқа да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жалпы, бұл бағыттағы шаралардың ауқымы өте кең, біз оларды халыққа жариялайтын боламыз», - дейді министр.