4 сәуір. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚМДБ орталық аппаратында Республикалық ақпараттық насихат тобының жалпы жиналысы өтті. Жиын барысында РАНТ мүшелігіне үміткер дін қызметкерлері тест тапсырып, емтихан сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Былтыр РАНТ құрамында 28 маман жұмыс істеп, еліміздің түкпір-түкпірінде 250-ге жуық жалпы кездесу, 150 жеке кездесулер өткізген. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, биылдан бастап РАНТ мүшелерін екі есеге арттыру жоспарда бар.
— Қазір еліміздің дін саласын отандық мамандармен толық қамтамасыз етіп отырмыз әрі шетелде білім жетілдіруге тәуелді емеспіз. Өйткені, іргелі білім ордасы «Нұр-Мүбәрак» университетінде 1300-ден астам, барлық медресе-колледждерде 2000-ға жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Мемлекеттің қолдауымен шәкірттеріміз медреседен кейін бакалавр, магистратура, докторантурада оқуға мүмкіндік алып отыр. Соның нәтижесінде РАНТ мүшелерінің қатарын екі есеге арттыру ойда бар, маман тапшылығы жоқ, — дейді ол.
Ал, діни басқармадағы уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқан РАНТ-ның биылғы құрамындағы өзгешеліктерге тоқталды.
— Бұған дейін ережелер таныстырылып, келісімшартқа қол қойып жұмыс істеп келген болса, биылдан бастап РАНТ мүшелеріне 1 жылдық мерзімге арналған куәлік тапсырмақпыз. Еліміздің әртүрлі аймағында түсіндіру жұмыстары өтетіндіктен имамдарымыз әр шыққан сапардың есебін беріп, нәтижесін көрсетуге міндетті. Сонымен қатар, жыл сайын сараптама өткізіп, ҚМДБ бекіткен ереже орындалмаған жағдайда РАНТ-дан шығарылу мәселесі қаралады, — дейді А.Ұтысхан.
Бұдан бөлек биыл РАНТ және ЖАНТ тобына арналған әдістемелік құрал дайындалып, РАНТ құрамына өкіл имамдардың ұсынысымен жаңадан отыз діни қызметкер қосылды. Осы топтың белсенді мүшесі, көпшілікке кеңінен танымал уағызшы Арман Қуанышбаев:
— РАНТ құрамында 8-9 жылдан бері жұмыс істеймін. Бүгінгі аттестацияда компьютердің көмегімен 120 сұраққа жауап бердік. Сұрақтар тек қана ақида мен фиқһқа емес, ҚР заңнамалары, Қазақстан тарихы мен төл мәдениетімізге бағытталған екен. Осының өзі біздің, яғни, РАНТ-тың негізгі мақсатын айқындап тұрғандай. Себебі, біз Қазақстан заңдарының аясында әрі ұлтымызға, дінімізге адал қызмет еткен ақын, жырау, батырларымыздың, тұлғаларымыздың соңында қалған мұрасын тілге тиек ете отырып шариғатты көпшілікке әсем жеткізуді мақсат етеміз, — дейді.