Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатта «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер туралы» дөңгелек үстел барысында осылай айтты, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Жастардың дінге байланысты қарым-қатынасы - біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет саналады және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық. Әр үш жыл сайын елорда төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі - барша өркениет өкілдерінің басын қосатын жаһандық деңгейдегі бірегей бастама. Еліміздегі әрбір жас азамат өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде, біз шетелден келген жалған діни стереотиптерді емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз тиіс. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша әлі де толыққанды шешім табылған жоқ. Сондықтан осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.