24 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Астанада наиб мүфти Бауыржан қажы Әбдірашұлының төрағалығымен ҚМДБ «Зекет» қорының алқалы мәжілісі өтті. Басқосуға қордың директоры Талғат Омаров, аймақтағы өкілдері қатысты, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Кездесуде Талғат Сейіткәрімұлы «Зекет» қорының 2018 жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Қайырымдылық бағытындағы жасалған игі іс-шаралардың есебін тыңдаған наиб мүфти Б.Есмахан атқарылған ауқымды жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
«Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Ораздың бастамасымен еліміздің рухани саласында көптеген қайырымдылық шаралар жүзеге асуда. Сіздердің белсенді қызметтеріңіздің нәтижесінде өткен жылы баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер кілті табысталды. 25 мыңнан астам жанұяға қайырымдылық көмек көрсетілді. Жуырда қордың мобилді қосымшасы ашылды. Бұл – өте қажет, құптарлық бастама. Өйткені, қазір ақпарат пен технологияның дамыған дәуірі. Бұл бастама садақа, зекет беруге ниет білдіруші азаматтарға қолайлы жағдай туғызады деген ойдамын. Осы бағыттағы жұмыстарды бұдан әрі дамытып, жандандыра түсуіміз тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Әбдірашұлы.
Басқосу барысында «Зекет» қорының жуырда ғана іске қосылған мобилді қосымшасының арнайы таныстырылымы өтті.
Айта кетсек, қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады. Сонымен қатар, көмекке аса зәру жандардың ортақ базасы енгізілген. Онда науқастың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, медициналық анықтамалар, т.б. қажетті құжаттар жүктелген. «Онлайн садақа жасау» мәзірі арқылы аталған кісіге көмек бере аласыз.