17 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры садақа, зекет беру жүйесін оңтайландыру мақсатында қордың мобилді қосымшасын іске қосты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қосымшада «зекетті есептеу», «зекет кітабы», «қор туралы», «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды басты мәзірлер арқылы қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер алуға болады.
«Мобилді қосымшаны іске қосудағы негізгі мақсатымыз – қайырымдылық көмек көрсетуге, зекет беруге ниет білдірген азаматтарға қолайлы мүмкіндік жасау. Қосымшаға көмекке аса зәру жандардың ортақ базасын енгіздік. Онда науқастың аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, медициналық анықтамалар, т.б. қажетті құжаттар жүктелген. «Онлайн садақа жасау» мәзірі арқылы аталған кісіге көмек бере аласыз. Қордың басты ұстанымы – елімізде шариғат (ханафи мәзһабы негізінде) бойынша садақа-зекет беру дәстүрін қалыптастыру, қаржылық мөлдірлікті, бәріне бірдей ақшалай ашықтықты қамтамасыз ету», – дейді «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров.
Талғат Сейіткәрімұлының айтуынша, мобилді қосымшаның бір ерекшелігі: автоматты есептегіш (калькулятор) құралы зекет беру көрсеткішіне жеткен мал-мүліктің, яғни жинақталған қаржының зекетін бірден анықтайды. Мобилді қосымшаны «Play Mapкет» жүйесі арқылы «ҚМДБ зекет» сөзін жазып, жүктеп алуға болады.
Айта кетейік, 2011 жылы ашылған ҚМДБ «Зекет» қоры – жеке және заңды тұлғалардың зекеттері мен садақаларын қабылдап, оны шариғат үкімдеріне сай үлестіретін коммерциялық емес ұйым. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Мақсаты – көмекке аса зәру жеке тұлғаларды әлеуметтік қолдау, Исламның лайықты түрде насихатталуына қаржылай қолдау көрсету, т.б.
Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», – деген нақыл бар. «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры 2018 жылы республика бойынша 25 мың жанұяға қайырымдылық көмек көрсетті.
Сондай-ақ, 5 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мүгедек балалардың ем-домына қаражат бөлді. Өткен жылы «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер берілді. 1 жылда қайырымдылық бағытында 160 млн. теңге қаражат жұмсалды.
Алла Тағала Құранда: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» («Әнғам» сүресі, 160-аят), – деп баяндаған. Осы ретте ҚМДБ «Зекет» қоры жомарт, қайырымды жандарды игі, ізгі, сауапты іс-шараларға белсенді түрде үлес қосуға үндейді.
Қор реквизиті:
АО«Банк ЦентрКредит», Алматы қ.
«ҚМДБ Зекет Қоры» ҚҚ
СТН: 600900643231 Кбе: 18
Зекет шоты үшін (KZT): KZ208560000005121039
БИK: KCJBKZKX
QAZKOM VISA 4003 0327 7199 3427
Байланыс:
Тел. +7 727 3976397
Факс:+7 727 3977476
Моб: +7 747 894 8297
Моб: +7 708 723 7409
Мекен-жайымыз:
050016 Алматы қ., Маметова к., 16.