14 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Көкшетаудағы «LONDON» спорт-бары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «ХАЛАЛ» сертификатын иемденді, деп хабарлайды halaldamu.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Аталған қоғамдық орын еліміздегі спорт барлардың арасында алғаш рет осындай ізгі қадамға барып отыр. Енді мұнда спирттік ішімдіктерді шеттетуден бөлек, құмар ойындарға да тосқауыл қойылды. Яғни, спорт-барда қандай да бір спорттық жарыстың бәсекесі үшін ақша тігілмейді.
Ал, ең таң қаларлығы – «LONDON» спорт-бары алдағы уақытта әрбір жұма күні кешкісін ұлттық құндылықтарға ден қойып, ақындар айтысы, ән-күй сайысы, жыр-терме байқауы секілді іс-шаралар ұйымдастырмақ. Осылайша, аталған мекеменің қызмет түрлері түбегейлі өзгереді. Нысанның қожайыны Уәлихан Ғабдуллиннің айтуынша, ол мұндай қадамға тек бір Алланың разылығы үшін ғана барған.
Айта кетейік, соңғы жылдары Көкшетау қаласында «ХАЛАЛ» стандартына өткен дәмханалар көбейіп келеді.