9 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Қазақстан Халқы Ассамблеясы 2019 жылды халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Сарқыт» республикалық қайырымдылық акциясымен бастады, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Осылайша, ҚХА-ның биылғы жылға арналған «Қайырымдылық керуені» іс-шаралары бастау алды.
«Біз биыл елімізде қайырымдылық акциясын ерекше етіп ұйымдастырғымыз келді. Енді əрбір айдағы қайырымдылық шарасы қазақтың қандай да бір дəстүрі, əдет-ғұрпына байланысты өтетін болады. Бүгін, яғни қаңтарда біз «Сарқыт» қайырымдылық акциясын бастап отырмыз. Сарқыт - халқымыздың ежелден қалыптасқан дəстүрі, бұл əр қонаққа көрсетілетін құрмет, бұл сый-сияпат, алғыс белгісі. Жақыныңа сарқыт беру - бұл онымен қуаныш, бақытпен бөлісу, қамқорлық көрсету», - деді Достық үйінде берген сұхбатында ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.
Оның айтуынша, енді Астанадағы жəне өңірлердегі Достық үйлерінде «Қайырымдылық керуені» аясында «Сарқыт» сияқты қайырымдылық шаралары өтіп тұратын болады. Мəселен, қаңтар – «сарқыт», ақпан – «сыбаға», наурыз – «шашу», сәуір – «асар» деген атаумен өтеді. Жалпы, қайырымдылық шаралары жылдың əр айында «қамқор», «тоқымқағар», «ерулік», «жылу», «көрімдік», «бата», «бес жақсы», «кəде» деген қазақтың дəстүрлеріне негізделген атаулармен ұйымдастырылмақ.
«Елімізде «Қайырымдылық керуенінің» ұйымдастырылғанына 5 жылдан асты. Өткен жылы акция аясында 8700 шара өтіп, 400 мың адам 2,5 млрд теңге сомасында көмек алған болатын», - деді Леонид Прокопенко.
Бүгін акция аясында «достық дастарханына» жиналған елордалық этномәдени бірлестіктердің ақсақалдары мен ел ағалары Астана қаласындағы «Аналар үйінің» балалары үшін «бесік той» және «тұсау кесу» ұлттық дәстүрлерін өткізді. Шағын концерт те ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері көмекке мұқтаж отбасыларына, халықтың осал топтарына сый пакеттер үлестірді.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен қорлар, этномәдени бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысты.
(түпнұсқа авторы: baq.kz тілшісі Қымбат Елтайқызы)