3 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Бұдан 50 жылдай бұрын Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» сүйектері алдағы жылы жер қойнына қайта беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Сүйектер өте нашар жағдайда. Сондықтан тап қазір оларды осы күйінде сақтап қалудың өзі маңызды болып отыр», - дейді мамандар. Олардың пікірінше, «Алтын адамның» сүйектеріне қайтадан мұқият ДНК сараптамасын жасату керек. Алайда оған қаражат жоқ.
Кезінде жұртшылықты елең еткізген «Алтын адам», дәлірек айтқанда алтын киімді адам Есік қаласынан табылған. Қазір ол жерде оқиғаны еске түсіретін көше атауы мен шағын ескерткіш тұр. Ал қорғанның өзі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары тегістеліп, орнына автобаза салынған. Кеңестік заманда «Алтын адам» табылды деген жаңалыққа айрықша мән берілмепті. Керісінше, оның алтын-күміс бұйымдары мен әшекей заттарына қызығушылық көп болған. Сүйектері ескерусіз қалған. Жақында оларды сот-сараптама институтының мұрағатынан тауыпты. Фотоқағаздар салынатын жай қорапшаның ішінде жатқан көрінеді.
Қазір «Алтын адамның» қаңқаларына деген көзқарас өзгеше. Өкінішке орай, сүйектердің бәрі бірдей сақталмаған. Бас сүйегі де жоқ. Қолда барының өзіне ДНК сараптамаларын жүргізу өте қиын деп отыр мамандар.
«Сүйектердің сақталуы тым нашар. Оның үстіне 50 жылдай қорапта жатқан. Бактериялар түскен, қазіргі вирустар кірген. Егер бас сүйегі болып, онда кем дегенде бір тісі табылғанда, ДНК сараптамасы арқылы толық ақпарат алуға мүмкіндік туар еді», -дейді «Есік» тарихи-мәдени қорық музейі директорының орынбасары Ермек Жасыбаев.
Дегенмен тарихи-мәдени қорық музейінің қызметкерлері үміттерін үзбейді. Өйткені, даниялық оқымысты-генетиктер ДНК сараптамаларын қайтадан мұқият жүргізуге дайынбыз деп отыр. Мұндай қызметті көрсетуге Жапония мен АҚШ-тың мамандары да келісетін сыңайлы. Бірақ олар сұрайтын қаражатты музейдің өзі қайдан тапсын. «Алтын адамның» біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық болғаны және оның «қазақстандық Тутанхамон» деп аталғаны Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ерекше атап айтылды. Демек мәселе өте маңызды.
«Осы уақытқа дейін біз оны бір кәдімгі тарихта болған тұлға емес, бір аңыз адам сияқты қылып сондай бір дәрежеде аңызға айналдырып жібердік. Бұл негізі тарихта болған тұлға ғой, бірақ кім екені, қандай адам болғаны тарих құжаттарымен қатталмаса да мұның қабірі табылды. Сүйегі табылғаннан кейін бұл тарихта болған тұлға және қай дәуірге тиесілі екені де Кемал Ақышев ағамыз арқылы жазылды, зерттелді»,-деді «Есік тарихи-мәдени қорық музейінің ғалым-хатшысы Досым Зікірия.
Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған «Алтын адамның» сүйектерін 2019 жылы арнайы капсулаға салып, жер қойнына беру жайында жұмыстар жүріп жатыр. «Бірақ оны ежелгі сақтардың дәстүріне сай үлкен қорған көтеріп, аманат ретінде берсек деген ниет бар», - дейді мамандар. Есіктегі қорық- музейдің маңайында 80-ге жуық қорған кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, олардың астында бір емес, бірнеше «алтын адамның» жатуы бек мүмкін.