23 қазан. АСТАНА. Ummet.kz – Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының қатысуымен жалпы жиналыс болып өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Апта басындағы алқалы жиында Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы өзінің жаңа бұйрығы бойынша бiрiншi наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы және Астана қаласының өкілі болып тағайындалғанын жеткізді.
Жиналыс барысында жыл басынан бергі жағдайларды сараптай келе Елордамыздың діни өміріне ықпалды өзгерістер енгізіп, жандандыра түсуге Наурызбай қажы Тағанұлындай білікті басшының қажет екенін атап өтті. Жақында ғана жаңадан ашылған Түркістан облысындағы ҚМДБ Кеңсесінің жұмысын да жолға қойып, жаңа құрылымға жан бітірген қызметін де айрықша бағалайтынын атап өтті.
Жиналыс соңында Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Наурызбай кажы Тағанұлын жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.