10 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz - Нұр-Мүбарак университетінің проректорлығына ғылым докторы Қайрат Құрманбаев тағайындалды, деп хабарлайды Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Мысырдың Каир қаласында өтіп жатқан Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті Қамқорлар кеңесінің кезекті жиынында біршама өзгерістер орын алды. 17 жыл тарихы бар университеттің тыныс-тіршілігін талқылауға Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім, Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығының директоры, PhD Қайрат Құрманбаев, Аппарат жетекшісі Рахымжан Әкімбеков, сондай-ақ Мысыр тарапынан Уақыфтар министрі доктор Мұхаммед Мұхтар Жұма, әл-Азһар шейхы, ректор, профессор Жуда Басюни т.б. Қамқорлар кеңесінің құрамы қатысты. Алқалы топ еліміздегі жалғыз ислами жоғары оқу орнының профессоры Шамшәдин Керім мырзаға зор алғыс білдіріп, ЕАР Уақыфтар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Осы сүбелі жолды жалғастыру еліміздегі дін саласында елеулі орны бар ғалым Қайрат Құрманбаевқа табысталды.
Қайрат Құрманбаев – исламтану саласы бойынша Ливия Араб Республикасында бакалавриат деңгейін тәмамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистрлік диссертация қорғап, Нұр-Мүбарак университетінде докторантура бөлімінде білім алып, еліміздегі исламтану ғылымы бойынша ең алғашқы ғылыми диссертация қорғаған PhD докторы. Бірқатар ғылыми еңбектері, мақалалар мен кітаптары жарық көрген. Университет жанындағы «экстремизмнің алдын алу» саласындағы мамандарды қайта даярлау институты мен «Әбу Ханифа» атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры. Осындай сатылы тәжірибеден өткен Қайрат Құрманбаевқа енді Нұр-Мүбарак университетінің проректоры болу жауапкершілігі тапсырылды.