7 қыркүйек. АСТАНА. Ummet.kz - Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі Қазақстандағы Отбасы күні қарсаңында «Қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасының рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» жұмысын өткізді, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Дөңгелек үстел» жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, отбасы және отбасылық тәрбие мәселелерін зерттейтін ғылыми ұйымдар басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев өз сөзінде отбасы саясаты саласы бойынша арнайы Жол картасын әзірлеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Министрдің айтуынша отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді ілгерілету, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, отбасыларға кәсіби көмек көрсететін қызметтерді (әлеуметтік қызметтер, дағдарыс орталықтары, сенім телефондары) институционалды бағытта нығайту бойынша және тағы да басқа шаралар қабылданатын болады.
«Дөңгелек үстел» барысында отбасылық жағдайдың негізгі әлеуметтік-демографиялық индикаторлары, оның ішінде әлемдік тенденция, отбасын дамытудағы қазақстандық тәжірибе қарастырылды.
Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар озық халықаралық және ұлттық тәжірибені қолдану арқылы Қазақстандағы отбасы институтын нығайту және дамыту бойынша ұсынымдар әзірледі.