05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Тағылымы мол ғылыми конференция өтті

Тағылымы мол ғылыми конференция өтті

Ел іші
Жарнама

23 маусым. АСТАНА. Ummet.kz - Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды niac.gov.kz сайтына сілмете жасаған ummet.kz тілшісі. 

2018 жылдың 21 маусымында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ұйымдастыруымен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығымен (IRCICA) және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, «Ислам мәдениетінің өркендеуіне Қазақстанның қосқан үлесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өткізілді.

Атаулы шара жұмысын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Арын Берік Сақбайұлы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Халит Ерен және Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Дін мәселелері жөніндегі кеңесшісі Галиб Акын құттықтау сөздерімен ашты. Халықаралық ғылыми конференцияны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жүргізді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бастамасының аясында өткізіліп отырған аталмыш конференция барысында ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к., шығыстанушы, түркітанушы Әбдірәсілқызы Айнұр «Орта Азиядағы ханафи мазхабы ілімі мен тәжірибесінің қазіргі дінтанулық білім жүйесіндегі орны» тақырыбында баяндама жасаса, IRCICA ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы, тарих ғ.д. Мүминов Әшірбек Құрбанұлы «ХIХ-ХХ ғасырлардағы қазақ ғұламаларының ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесі: Ақмола және Орал мектептері» атты баяндаманы көпшілік назарына ұсынды.

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, теол.ғ.д. Әділбаев Алау Шайқымұлы конференция аясында қазақ сәулет өнерінің авангардтық-постмодернистік үлгідегі бірегей туындысы, дүние жүзі бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және энергия тұтыну жағынан мүлде шығынсыз санаулы экомешіттердің бірі болып табылатын «Алланың гүлі» рухани кешенін қатысушыларға таныстырып өтті.

Халықаралық ғылыми конференция жұмысы барысында ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бас консультанты, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімшісі Боранбаева Гүлнар Жұмағалиқызы ислам құндылықтарының қазіргі қоғамдағы құқықтық қатынастардағы рөлі туралы, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қожа Мұхтар Бақадырұлы Қазақстандағы ІХ-ХІІ ғасырлардағы құрылыстар және олардың мұсылман елдерінің сәулет өнері дамуына ықпалы жайында сөз қозғады.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы, ясауитанушы Кенжетай Досай Тұрсынбайұлының «Қазақ ойшылдарының түркі-ислам өркениетіндегі орны», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, филол. ғ.к., доц. Қыдыр Төрәлі Еділбайұлының «Алтын Орда тұсындағы жазылған ислами жәдігерлерді зерделеу арқылы діни танымды қалыптастырудың маңызы», Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғ. к. Жандарбек Зікірия Заманханұлының «Ахлу-хадис пен ахлур-рай арасындағы айырмашылықты тарихи тұрғыдан талдау» атты баяндамалары аудитория қызығушылығын арттырды.

Конференция барысында сондай-ақ өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманғалиева Меруерт Санатқызы, суретші-керамик, ҚР Суретшілер және Қолөнершілер Одағының мүшесі Рысбаев Абайхан Рахманбердіұлы, исламтанушы, каллиграф Орынбасаров Асылбек Байұзақұлы, ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейсенов Бақтыбай Қыдырбайұлы, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, филос. ғ.к. Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы Мансұров Батыржан Берденұлы, ҚМДБ-ның Алматы облысы бойынша өкіл имамы Оразбаев Ардақ Нүсіпханұлы және басқа да ислам мәдениетін әртүрлі қырынан зерттеп жүрген мамандар қазақ даласынан шыққан ислам ойшылдарының ғылыми мұралары, Қазақстандағы ислам сәулет өнері ескерткіштерінің безендірілу ерекшеліктері, ислам мәдениетінің қазақ саз өнеріне ықпалы, қазақ даласындағы хұснихат өнерінің тарихи дәуірлердегі және қазіргі кезеңдегі даму ерекшеліктері сынды мәселелерді сарапқа салды.

Сонымен қатар шара қатысушыларына арналған суретші-керамик А.Рысбаев пен каллиграф А.Орынбасаров туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.

Қызу талқылауға толы конференция жұмысын қатысушылар жоғары бағалап, ізгі ниетпен ұйымдастырылған шараның жемісті жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Шара барысында сонымен қатар Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Бөлісу: