20 маусым. АСТАНА. Ummet.kz – «Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» атты халықаралық семинар өтіп жатыр, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Шараны Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығымен бірлесе ұйымдастырды.
Семинардың мақсаты – Қазақстанда сақталған ислам қолжазба мұраларының қазіргі жай-күйін талдап-таразылау, оларды зерттеп-зерделеу, жүйелеу, каталогтау, жариялау және ғылыми айналымға енгізу, сақтау және қалпына келтіру мәселелерін мамандардың талқысына салу. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан семинарда аталған мәселелер бойынша мамандарға бағыт-бағдар ұсыну және олардың кәсіби біліктілігін арттыру жолдары талқыланды.
Айта кетейік, елімізде діни қолжазбаларды жинақтап, зерттеу-сақтау жолдарын бірізділікке салу және діни мәтіндерді талдап, зерделейтін мамандарды дайындау мәселесіне арналған семинар алғаш рет өтіп отыр. Семинардың ашылу сөзін сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы діни қолжазбаларды зерттеу жөнінде, мамандарды жетілдіру, зерттеу тәсілдеріне байланысты тәжірибе алмасу үшін осындай халықаралық семинарлардың керектігін айта келе: «діни мазмұндағы қолжазбалар ұлттық кодымызды сақтау үшін, ұлттық бірегейлігімізді, қазақи болмысымыз бен салт-дәстүрді қайта жаңғырту үшін маңызды», - деді.
Онан кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жауапты хатшысы Әзілханов Марат Алмасұлы семинардың маңыздылығына тоқталды: «Осы салада алғаш рет ұйымдастырылған бұл семинардың тарихи, зерттеу және ағартушылық маңызы бар. Қазақ жерінде Ислам болмаған, кейіннен келген деушілерге дәлел ретінде көрсететін тарихи құнды жәдігерлеріміз – діни мазмұндағы қолжазбалар. Оларды жинақтап, зерттеп, мәні мен мазмұнын талдап, халыққа жеткізуіміз керек,» - деді.
Семинардың ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Халит Ерен орталықтың осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарына шолу жасап өтті. Сөз барысында Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы рухани мұралардың жинақтары мен діни қайраткерлердің өмірбаяны түрікшеге аударылып, баспаға дайындалғанын айтып өтті.
Сонымен бірге, семинар жұмысына ҚР БҒМ Ғылым комитеті Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филол. ғ.д., шығыстанушы Дербісәлі Әбсаттар Бағысбайұлы, IRCICA ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы, тарих ғ.д. Мүминов Әшірбек Құрбанұлы, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к. Әбдірәсілқызы Айнұр, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғ.д., ясауитанушы Кенжетай Досай Тұрсынбайұлы, ҚазҰУ ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі, филол. ғ.к., доц. Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы қатысты. Одан бөлек еліміздегі ғылымның қара шаңырағы – ұлттық және ғылыми кітапханалардың қызметкерлері сирек кітаптар қорының қазіргі хал-ахуалын талқыға салды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі