12 маусым. АСТАНА. Ummet.kz – Жуырда көршілес үш елдің: Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің Ғұламалар Кеңесі Айт намазының басталуы мәселесіне орай бас қосты. Басқосуда үш елдің делегаттары Алла елшісінің хадистеріне әрі астрономиялық есептеулерге сүйене отырып, Ораза айт мерекесінің уақытын белгіледі, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Көрші ел делегаттары өз ойларын ортаға салып, тұщымды пікірлерін айтты. Өз кезегінде ҚМБД шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып:
«Ораза айтын анықтау үшін Рамазан айының 29-ы күні айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні шәууалдың бірі яғни, ораза айты басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, Рамазан айын 30 күнге толықтырылатыны баршаға белгілі. Пайғамбарымыз: «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар, және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар. Ал, егер ол (бұлттылықтың себебімен) сендерге көрінбесе, онда одан алдыңғы айды отыз күнмен аяқтаңдар», – деген.
Жаңа айдың туылғанын алдын ала астрономиялық есептеулер арқылы білуге де болады. Отандық және халықаралық астрономиялық есептеулерге әрі ғұламалардың сөздеріне сүйене отырып, георгафиялық ерекшелігі (меридиан сызығы, сағаттық белдеу, т.б.) мен астрономиялық зерттеулер нәтижесінде көршілес, жақын мемлекеттерде айдың көрінуіне орай жаңа айдың басталғаны анықталады»,- деген пікірін білдірді.
Басқосу соңында Ғұламалар Кеңесінің мүшелері бірауыздан Рамазан айы 29 күнге толатынын айтып, Ораза айт мерекесі 15 маусым деп белгіледі. Үш елдің делегаттары болашақта арнайы Комиссия мүшелерін құруды ұсынып, ауызбіршілік пен ынтымақты сақтау үшін бірлесіп қызмет етуге дайын екендіктерін жеткізді.