29 мамыр. АСТАНА. Ummet.kz – Вульф институты өкілдерінің Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы және Вульф институты арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған құжатқа Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры Айдар Абуов пен Вульф институтының директоры Эдвард Кесслер қол қойды.
Меморандум жүйелі негізде зерттеу жұмыстары мен тәжірибе алмасуға, діни салада өзекті мәселелер бойынша консультациялар мен бірлескен іс-шараларды өткізуге және өзекті мәселелер бойынша дәрістер ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Тараптар бұдан басқа, дінаралық диалог пен келісімді, діни бірлестіктердің өкілдері үшін білім беру бағдарламаларын ілгерілетуде ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Кездесу барысында ф.ғ.д., профессор Айдар Абуов Халықаралық Мәдениеттер мен Діндер орталығының қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, орталықтың қызметі халықаралық деңгейде конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты нығайтуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыруға және өткізуге, съезд Хатшылығы және Жұмыс тобының отырыстарын өткізудегі Қазақстан Республикасының бірегей тәжірибесін насихаттауға бағытталған.
Вульф институтының директоры Эдвард Кесслер институт жанынан дін және мәдениет мәселелері бойынша 16 апталық білім беру бағдарламасын құруды, сондай-ақ, Қазақстандағы діни бірлестік өкілдеріне жазғы мектепті ұйымдастыруды ұсынды.
Кездесу қорытындысында тараптар одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға және бейбітшілік пен толеранттылықты дәріптеудегі ықпалдастықты дамытуға мүдделілік танытты.
Айта кетейік, Вульф институты мұсылмандар, христиандар мен иудейлер арасындағы байланыстарды академиялық тұрғыда зерттеуде жетекші орын алады. Ол 1998 жылы доктор Эдвард Кесслер мен профессор Мартин Фордтың бастамасымен құрылған. Институт әлемде өзінің зерттеулік, саяси, оқу-ағарту және білім бағдарламалары бойынша үздік деп танылған ұйым.