23 мамыр. Астана. Ummet.kz - Бас мүфти Алматы қаласында ауызашар берді, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Алматы қаласында мемлекет жəне қоғам қайраткерлеріне, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне, БАҚ қызметкерлері мен өнер майталмандарына ауызашар берді.
Ауызашарға Асанəлі Әшімов, Мұрат Жұрынов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Алтынбек Қоразбаев сынды ел ағалары мен қалалық əкімдіктің лауазымды қызметкерлері, БАҚ басшылары, бас редакторлар қатысты.
Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің федералдық ұлттық кеңесінің депутаты, Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңес төрағасы Ахмед Мұхаммед Әл-Джаруан да арнайы ауызашар дастарханының қонағы болды.
Игі іс-шарада Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жиналған қауымды қасиетті рамазан айымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
«Рамазан - ағайын-туысты имандылық пен ауызбіршілікке ұйытатын берекелі ай. Бұл айда адам баласының жан-дүниесі тазарып, рухани түлейді. Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, қасиетті айда жасаған қайырлы амалдарымызды қабыл еткей», - деді Серікбай Сатыбалдыұлы.
Ауызашар дастарханында жарамазан жыры айтылып, толғау-термелер орындалды.