22 мамыр. Астана. Ummet.kz - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңес төрағасымен кездесті, деп хабарлайды kazislam.kz сайты.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Біріккен Араб Әмірліктерінің федералдық ұлттық кеңесінің депутаты, Толеранттылық пен бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңес төрағасы Ахмед Мұхаммед Әл-Джарванмен кездесті.
Кездесу барысында Дархан Кәлетаев Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын, сондай-ақ, екі ел арасында көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК ұйымдары арқылы тиімді өзара іс-қимыл орнағанын атап өтті.
Министр шетелдік мейманды конфессияаралық келісім бойынша қолға алынып жатқан Қазақстанның маңызды бастамаларымен таныстырды, аталған шаралардың бірі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу болып табылады. Д. Кәлетаев БАӘ өкілдерінің 2018 жылғы 10-11 қазанда жоспарланған «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» тақырыбындағы кезекті VI Съезіне қатысатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар дін және азаматтық қоғам саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.