18 Сәуір. Астана. Ummet.kz - Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісі басталды, деп хабарлайды muftyat.kz сайты.
Мәжіліске Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар қатысуда. Кеңесте «Болашақ баланың жынысын таңдау үкімі», «Түсікке және туыла сала шетінеген сәбиге қатысты үкімдер», «Делдалдықтың үкімі» атты тақырыптар төңірегінде пәтуа талқылануда.
"Ғұламалар кеңесі қоғамда туындаған діни мәселелерге орай Құран мен хадисті, қолданыстағы заңнамаларды, салт-дәстүр құндылықтарын негізге алып, шешім шығарып, пәтуа беріп келеді. Кеңесте теолог-ғалымдар ғана емес, түрлі саланың ғылым докторлары жұмыс істейді. Өйткені, көп жағдайда медицина, анатомия, жаратылыстану, т.б. ғылымдар бойынша діни шешімдер қабылдануда. Санаулы мерзім ішінде Ғұламалар кеңесі бірқатар өзекті пәтуалар қабылдап, еліміздің игілігі мен бірлігі жолында қызмет етіп келеді", - деп атап өтті Серікбай Сатыбалдыұлы.
Кеңес жұмысы ертең де жалғасады.