06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Наиб-мүфти: Ғұламалар кеңесінің рөлін күшейту қолға алынды

Наиб-мүфти: Ғұламалар кеңесінің рөлін күшейту қолға алынды

Ел іші
Жарнама

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірлесіп Ғұламалар кеңесінің рөлін күшейтуді қолға алынып отыр. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Алқа мәжілісінде сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Алау Әділбаев мәлімдеді.

Мемлекет пен діни басқарма арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту мақсатында 2017 жылғы 15 ақпанда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы екі жақты келісімге қол қойылды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі аталған келісім бойынша бірқатар шаралардың бірлесіп жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.  

«Атап айтқанда, біріншіден, Ғұламалар кеңесінің рөлін күшейту. Кеңес тек діни сұрақтарды ғана емес, сондай-ақ жалпы өмірлік, әлеуметтік, мәдени мәселелердің шешімдерін қабылдау үшін жан-жақты талқылау жұмыстарын жүргізуде. Кеңестің құрамына білікті имамдар, елдің танымал дін мамандары мен теологтары кіреді» деді наиб-мүфти.

Алау Әділбаевтың айтуынша, Ғұламалар кеңесінің құрамына Министрлікке қарасты Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А. Абуов қосылды. Осылайша, кеңес шарғи үкімдерді шығару барысында мемлекетің дін саласындағы бағытымен үйлесімін табуына да мән беруде.

Сонымен қатар, қазақ халқы үшін дәстүрлі Исламның негіздерін қалыптастырып, діни оқу-ағарту жұмысын жетілдіру мақсатында «Дін мен дәстүр жылы», «Дін және тарих тағылымы жылы», Діни басқарманың жұмыс барысындағы стратегиялық төрт бағыты, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту Тұжырымдамасы, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму Тұжырымдамасы, «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы», «500 үздік ағартушы имам», ҚМДБ мешіттерінің тәртіп Ережесі, І, ІІ республикалық имамдар форумы, т.б. жобалар жүзеге асырылды.

Наиб-мүфти қазақстандық исламтану мектебін қалыптастыру мақсатында «Қазақстандағы исламтану: тарихы, дәстүрі, дамыту жолдары» атты жоба дайындалып жатқанын айтты:

«Бұл кешенді ғылыми жобаны жүзеге асыруға білікті мамандар тартылатын болады. Жобаның негізгі мақсаты: дәстүрлі ислам түсінігі мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалдастығының алатын орнын, бұрынғы тарихи кезеңдердегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін, дін қайраткерлерінің идеологиялық ұстанымдарының мемлекетпен өзара байланысын және дәстүрлі мұсылман қазақ қоғамының ұлттық тұтастығын қалыптастырудағы өзіндік орнын анықтау болып табылады».

kazislam.kz

Бөлісу: