Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған айына орай «Адамзаттың абзалы!» атты мәуліт кеші өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазрет бастап келген мүфтият қызметкерлері, қала мешіттерінің бас имамдары, дін саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары екі жарым сағатқа созылған рухани кештің куәсі болды.
Сахна шымылдығы азан дауысымен ашылып, ортаға шыққан республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Битенов Қасиетті Құран Кәрімнің «Тәуба» сүресінің 126-129 аяттарын оқыды.
«Бисмилләмен» басталған Мәуліт мейрамы Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолымен өрілді. Алла елшісінің заманына дейінгі надандық дәуірі, адамдардың азғындығы, әлемде күнәнің түр-түрінің жайылуы баян етіліп, Пайғамбарымыздың дүние есігін ашқан кезден жер бетінің жақсылыққа өзгергені жөнінде оқиғалар әңгімеленді. Мәуліттің ерекшелігі сол, Расулалланың шыққан тегі, өскен өңірі, балалық пен жастық шағы, пайғамбарлықтың белгілері рет-ретімен әңгімеленіп, көпшілік адамзат абзалының өмірбаянын ой елегінен өткізді.
Ал, «Өнер қырандары» театрының актерлері әзіл-күлкісі аралас терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор тақырыптарды көрініске салумен көрермендердің көңілін тербетіп, көзге жас үйіргені даусыз. Ата-ананың балаға имандылыққа негізделген тәрбие беруі, әке мен ана қадірі, туысқандармен ағайындық жылы мәміледе болу, мешіт салудың сауабы, қазақтың салт-дәстүрі мен ырымдарына қатысты ой-пікірлер көріністерде орын тауып, көпшілікті рухани әлемге бір серпілткендей болды.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазрет:
- Адамзатты сонау қараңғылық пен надандықтан нұрға, жарыққа бастаған екі дүниенің сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) Мәуліт мерекесі құтты болсын! Алла тағала Қасиетті Құран Кәрімде «Біз сендерге өздеріңнің араларыңнан аяттарымызды оқитын, тазартатын, Кітап пен хикметке үйрететін Елші жібердік…» деп ашық-айқын баян етті. Сондай-ақ, Алланың елшісінде (с.ғ.с) бізге көркем ғибрат пен өнеге бар деді. Пайғамбарымыздың өмір салты, жүріс-тұрысы, мейірбандығы мен жұмсақтығы, ешкімге қылдай да қиянат жасамайтын, өзі жақсы көргенді өзгеге де тілейтін, сараңдық пен пендешілікке жол бермейтін кемел жан екендігін жеткізді. Оның өмірі кейінгі ұрпаққа, үмметіне қиямет күніне дейін үлгі. Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлардың асылы, пайғамбарлардың ең соңғысы және пайғамбарлардың арасынан екі дүниенің сардары аталуының сыры да сонда жатыр. Жүсіп Баласағұни бабамыз Пайғамбарымыз жайлы: «Сені тілеп, бейнет шекті күні-түн, салауат айт, мақта, ақта үмітін!» деген екен. Кімде-кім Алла елшісіне (с.ғ.с) бір салауат айтса, Алла оның сауабын он есе қайтарады, дәрежесін арттырып, күнәларын кешіреді. Осында барша қауым Пайғамбарға салауат айту үшін келдік. Біз ет пен сүйектен жаралған пендеміз, жаңылысамыз, қателесеміз. Бірақ кемел жанға салауат айтып, адамзаттың асылының өмір-өнегесін өзгелерге жеткізуіміз керек, - деп жамағатты мәуліт мерекесімен құттықтап, Тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен елдің тыныштық, бірлігін тіледі.
Сондай-ақ, көпшілік алдында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің мұсылмандарды мәуліт мерекесімен құттықтаған хаты оқылды.
Кеш барысында эстрада әншілері ата дінімізді дәріптеген діни әндерді паш етті.
Ал, «Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырханов пен дәстүрлі әнші Арман Ғабдуллин және оларды сүйемелдеген «Астана медресесі» шәкірттерінен құралған хор «Мәуліт жырын» әуелете шырқап, жиналғандар бірауыздан адамзаттың асылы болған пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Аллахума солли уә сәллим уә бәрик ъалейһ» деп көп салауат арнады.
Мәдина ЖАҚЫП, ummet.kz
[gallery ID=5]
Ummet.kz