Жасыңыз жүзге жетіп, қолыңызға жаңа төлқұжат алып отырсаңыз, Жаратқанның пендесіне берген көп нығметінің бірі емес пе?! Дегенмен мұндай бақыт екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейді.
Міне, сондай қуаныш Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Сәлима Күдербаеваның басынан өтіп отыр. Кейуана ғасырлық ғұмыр жасап, жаңа төлқұжатын қолына алды. Сырдария аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің басшысы Жұмабек Әшімұлы бастаған ұжым жуырда 100 жасқа жеткен Сәлима Күдербаеваның үйіне барып, жүз жылдық мерейлі жасымен құттықтап, жеке куәлігін табыстады. Сәлима апа Оңтүстік Қазақстан облысының Шалқия ауылында дүниеге келген екен. Ата-анасынан жастай айырылып, тағдырдың талай теперішін көрген. 1933 жылы тұрмысқа шығып, Қызылорда облысына келеді. Жастайынан қара жұмысқа жегіліп, еңбекпен шыңдалып өскен. «Кесек те құйдық, масақ та тердік, өлмегеннен басқаның бәрін көрдік», дейді кейуананың өзі. 1941 жылы соғыс басталып, жолдасы соғысқа аттанады. Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен отты жылдарда Сәлима апа тылда жұмыс істейді. Жолдасының да жарық дүниені көрер жазуы бар екен. Майданнан жараланса да, аман оралады. Екеуі 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірген. Кейуана Тереңөзек кентіндегі наубайханадан зейнетке шыққан. Көптеген марапаттың иесі. Соғыс ардагерінің жесірі, тыл ардагері қазір немере-шөберенің қызығын көріп отыр. Осындай өнегелі өмір сүріп, жүз жыл ғұмыр кешкен кейуанаға орталық қызметкерлері төлқұжатын тапсырып, батасын алды. Білгенге бұл да тарихи сәттің бірі ғой.