ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамдарымен кездесті.
Министрліктер үйінде өткен іс-шараға наиб мүфтилер: Серік қажы Ораз бен Наурызбай қажы Тағанұлы, 18 өңірдің өкіл имамдары және «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбай қатысты.
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, мемлекеттік-конфессияаралық қарым-қатынастарды дамыту мақсатындағы жиында елдегі этносаралық және конфессияарлық келісімді сақтау үшін діндар азаматтарды байыптылық пен тағаттылыққа дағдыландыру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, кездесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес мемлекет пен ҚМДБ-ның діни радикализм, экстремизмнің алдын алу, жастардың бойында деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытындағы қызметі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығы дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеру мәселесіне министрліктің ерекше көңіл бөліп отырғандығына ризашылықтарын білдірді.
ummet.kz