Бүгін Елордада Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен Діни білім және кадр дайындау орталығы ашылды. Орталықтың ашылу рәсіміне ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице министрі Берік Арын, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дін қызметкерлері қатысты. «Имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілікті көтеру республикалық орталығы» «Әлжан ана» мешітінің жанында орналасқан.
Орталықтың ашылу салтанатын қарилар орталығының басшысы Сәдуақас қари Олжабай Құран аяттарын оқумен бастады. Одан әрі сөз алған ҚМДБ Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы:
«Бүгін еліміздің діни саласында тарихи күн. Өйткені, діни оқу орындары тағы бір оқу орталығымен толықты. Қазіргі таңда бізге осындай оқу орындары ауадай қажет. Біз «»ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Мақсатымыз – діни һәм зайырлы білімді меңгерген үздік имамдар тобын қалыптастыру. «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» мәртебесін Діни басқарманың талабынан өткен имамдар ғана алады. Қазір мұнда республика бойынша ауданнан келген 60 имам оқып жатыр. Олар екі ай курстан өтеді. Діни білім және кадр дайындау орталығында елімізге танымал ғалымдар, профессорлар мен докторлар, өз саласының білікті мамандары дәріс беруде. Ол ұстаздарды арнайы комиссия таңдап алды. ХХІ ғасыр имамы қандай болуы керек? Имамдар тек діни біліммен шектелгені жеткіліксіз. Яғни жан-жақты білімді болуы керек. Тіпті шешендік өнерді де меңгеруі керек. Міне, бүгін де діни басқарманың сіздерге қоятын басты талабы да осы. Мұндай оқу орындары болашақта басқа өңірлерде де ашылатын болады», – деп атап өтті.
«Бүгін сіздермен қуанышты сәттің куәсі болудамыз. Мұндай орталық Мемлекетіміз үшін аса қажетті болып табылады. Бүгінгі күннің имамдары тек діни тұрғыдан емес зайырлылық тұрғыдан да білмді, білікті маман болулары қажет. Бәсекелестік өршіп тұрған дәуірде тек материалдық ресурстармен білек сыбану жеткіліксіз. Осы тұрғыда, Елбасымыз ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасында қазақтың дәстүрлі дінінің маңызды рөлі бар екенін атап өткім келеді. Еліміздегі дәстүрлі діни сананы қалыптастыру, патриотизмге тәрбиелеу, парасаттылық пен отансүйгіштік, адамгершілік сынды рухани құндылықтарды халықтың, болашақ ұрпақтың санасына сіңіре алатын кадрлар әзірлеу – орталық қызметінің негізгі бағыты болуы қажет. Бүгінгі күні, мешіт имамдары өздерінің түсіндіру жұмыстарында әсіресе жастарға деструктивті діни ағымдардың не нәрсе ұсынатындығын, ал дәстүрлі бағыттағы исламның не екендігін түсіндіре білулері өте маңызды. Осы ретте, деструктивті ағым өкілдерімен болатын пікірталастарда тек білімімен ғана емес, сондай-ақ шешендік өнерді де бойларына сіңірген, мемлекеттің мүдделерін қорғай алатын имамдар корпусы қажет деп есептеймін. Қазақстан мұсыламандары діни басқармасы тарапынан ашылған бұл орталық, имамдардың біліктілігін арттырып қана қоймай, еліміздің рухани жаңғыруына да өз үлесін қосады деген сенімдеміз», – деген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын орталық ұжымына сәттілік тіледі.
Орталық демеуші азаматтардың көмегімен салынған. Ғимарат білім алуға қажетті қазіргі заманғы барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Екі қабатты ғимараттың дәрісханасы, асханасы, жатақханасы бар. Білім алам деген имамдар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде кәсіби білім алып жатқан 60 имам Құран, хадис ілімдерінен бөлек шешендік өнер, бухгалтерлік есеп жүргізу, дін қызметкерінің этикасы, халал стандарт, психология, діндер тарихы, діни талас-тартыс мәселелері сынды пәндерден дәріс тыңдауда. Пәндер әзірге қазақ тілінде оқытылады. Кейінгі уақытта арнайы шетелдік мамандарды тарту арқылы, араб тілінде де дәріс жүргізу жоспарлануда. Мұнда келетін тыңдаушылар арнайы жолдамамен, өз облыс имамының ұсынысымен келіп қабылданады. Қабылдау кезінде және бітіру сәтінде арнайы білім деңгейін анықтайтын сынақтан өткізіледі.
Айта кетейік, ҚМДБ ауыл мен аудандағы имамдардың білім деңгейін, кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында өткен жылы облыс орталықтарында 204 рет көшпелі семинар ұйымдастырды. Оған 2968 дін қызметкері қатысқан. Ал Алматыдағы имамдардың білім жетілдіру Ислам институтындағы 2 айлық курста 270 имам білімі мен тәжірибесін шыңдады.
Бүгінде осы орталықтың ресми ашылуына және әрі қарай жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемлекетіміз екенін атап өткеніміз абзал. Дәстүрлі дініміздің қамын ойлаған азаматтарға Алла жар болсын дейміз.
ummet.kz
фото авторы: Ахат Азтаев