Қазақстанның діни аудиториясына сыртқы теріс әсерлер күшейді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің діни аудиториямызға сыртқы теріс ықпалдар күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері ықпал етуде. Интернет, әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникациялық құралдар тұрғындар санасына жаппай идеологиялық әсер етуге мүмкіндік береді» деп тоқталды министр.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда азаматтардың шамамен 10 пайызы өздерін атеист немесе агностик деп санайды. Азаматтарымыздың 75 пайызы өздерін құдайға сенушілер деп есептейді, бірақ діни жоралғыларды тұрақты ұстанбайды. Ал діндарлардың 16 пайызға жуығы барлық діни жоралғыларды орындайды.
«Діншілдік деңгейінің өсуі радикалды идеологияға ықпал етуге көп мүмкіндік береді. Қандай ағым мен конфессияда болмасын, діни фанатизм қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мәселе тек діни сауаттылықта емес. Діни білім тиісті тәрбие мен саяси сауаттылықпен байланыста болуы керек» деді Н. Ермекбаев.