Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігі уағыздалған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.
Елбасы айтқандай, бірлік – баға жетпес байлығымыз. Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз.
Қадірменді отандастар!
Сіздерді 1 мамыр – бірлік мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти