Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қымбатты отандастар!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.
Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық.
Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.
Қоғамымызда қазіргі кезде қолға алынып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруымызға жол ашады деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!» делінген Елбасы құттықтауында.