«Ғажайып әлем» жаңа инновациялық жобасы қадамын сәтті бастады. «Тірі» ертегілер 2-7 жастағы балаларға арналған. Бұл жобаның басты мақсаты – енді өсіп келе жатқан балаларды – еліміздің болашақ патриоттарын тәрбиелеуде жағымды әсер беру, сондай-ақ қазақ халық ертегілеріне деген қызығушылығын арттыру. «Тірі» кітапты пайдалану үшін Android және iOS бағдарламасын тегін қосымша жүктеу қажет. Сосын смартфон немесе планшеттің камерасын қосып, шынайы ертегі әлеміне саяхат жасауға болады. Кейіпкерлерге көз алдыңда «жан бітіп», қимыл-қозғалысқа еніп, қалаған, яғни, қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде сөйлей жөнеледі.
Негізгі мақсатымыз – балаларды кітап оқуға тарту. Бұл ойымызды «Сіздің балаңыз кітапты жақсы көреді» деген ұранымыздан да байқауға болады, – дейді жоба авторы Гаухар Құрманбаева. – Халқымыздың батырлар жырының, «Баян сұлу», «Қыз Жібек» эпосының, Алдар көсе туралы аңыз әңгімелердің кейіпкерлерін балалар Дисней мультфильмінің кейіпкерлері сияқты қабылдаса деп армандаймын. Қызым Динель шетел мультфильмдерінің жанкүйері. Өйткені олар кейіпкерлерді балаға жақын етіп көрсете алады.
Сол үшін біз де өз батырларымызды балаларымызға үлгі етіп көрсетіп, жеткізе білуге тиіспіз. Кітап дүкендерімізден, сөрелерімізден мұндай қызықты дүние табу қиын. Суретшілер кейіпкерлерді өте күрделі етіп көрсетеді. Оны балалардың қабылдауы қиын. Мысалы, Алдар көсені алайық, бұл қазақ аңыздарында қу жігіт болып суреттеледі. Біз оны бала кейпінде алдық. Оның күлкісінің, көзқарасының өзі сүйкімді. Алдар көсені қу емес, барынша жағымды кейіпкер ретінде көрсетуге тырыстық. Ойлы, зерек, ақылды бала етіп көрсеттік. Біз өз елімізде сондай балалардың көп болғанын қалайтынымызды меңзедік. Бұл – әділдікті ту еткен, ақылды Алдар көсеге ұқсайтын балаларды тәрбиелеу. Қазір уақыт басқаша, балалар неден болса да тез жалығып кетеді, тіпті бір ертегіні соңына дейін оқып шығуға шыдамы жетпейтін балалар бар. Қазір мына кітаптан қызым бас көтермейді, қызығады. Өйткені кейіпкерлердің бәрі көз алдында «тіріліп» кетеді, бәрі интерактивті.
«Алдар көсе мен бай Жартыбай» кітабын 1000 данамен әзірлеп, оқырмандардың назарына ұсынғанбыз. Тез арада сатылып кетті. Демек, мұндай өнімге елімізде сұраныс бар. «Алдар көсе» мен «Әліппе» кітаптары дайындалу үстінде. «Әліппе» де интерактивті болады. Мысалы, «ғ» әрпін өтетін болса, бала тірі ғарышкерді көріп, оның қалай аспанға ұшатынына, ғарышта қалай болатынына куә болады. Бұл баланың білімге деген ынтасын арттырады. 1-3 жастағы балаларға Доман әдісімен дамыту карточкаларын жасап шығардық. Мысалы, бегемот туралы әңгіме болғанда ол қайда жасап, қандай дыбыс шығаратынын көрсетеміз. Біз педагогтермен, әдіскерлермен жұмыс істейміз. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Алдағы уақытта 7-13 жастағыларға танымдық кітаптар шығармақ ойымыз бар. Мысалы, оқушы биология сабағынан жүрек, бүйрек қалай жұмыс істейтінін көре алады. Бұл – толыққанды білім энциклопедиясы. Әзірге кітаптарды өз қаржымызға шығарып отырмыз. Қызығушылар көп. Келесі партияны көбірек етіп шығарсақ деген ойымыз бар, – дейді Гаухар Жанатқызы.
{youtube}Z0W_ydGonsU{/youtube}
Дереккөз: Aikyn.kz