06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

«Қазақ елі» анимациялық фильмі Каирда үш жүлдеге ие болды

Ел іші
Жарнама

«Қазақ елі» анимациялық фильмі Каир қаласында өткен Х халықаралық анимациялық фильмдер форумында «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне ие болды.

Картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды. Айта кететін жайт, анимациялық кинотуындының халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, кеңінен насихатталу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі өткен жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Жасалуында 2D және 3D технологиялар пайдаланылған аталмыш туынды болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Фильмнің жарыққа шығуына атсалысқандар қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай және белгілі жазушы Дулат Исабеков те бар. Картинаның режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

«Фильм шетелде көрсетіліп, жоғарғы бағасын алып жатқанына өте қуаныштымын. Осындай жеңістер алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді. Фильмнің түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын» деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.

Халықаралық анимациялық форумы жыл сайын Мысыр астанасы Каир қаласында ақпан айында өтеді. Фестивальдің ұйымдастырушылары – Мысырдың мәдениет даму қоры және анимация қауымдастығы. Байқаудың басты мақсаты – анимациялық фильмдерді қолдау, тәжірибе алмасу және жас режиссерлердің көркем және техникалық білімдерін арттыру.

Биыл форум шеңберінде Германия, Швейцария, АҚШ, Қытай, Ресей, Австралия, Қазақстан, Франция, Сингапур, Словакия, Австрия, БАӘ, Оңтүстік Корея сынды басқа да елдерден келіп түскен 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер ұсынылған. Толықметражды анимациялық фильмдерге баға беріп, ең үздігін анықтаған қазылар алқасының құрамына Аббас Әл Аббас (төраға), Тарек Рашад және Сами Рафи кірді.

Фильм желісінде Дешті Қыпшақтың ұлы даласына  төнген қауіп суреттеледі. Әбілқайыр хан қауесет сөздің жетегіне еріп, Керей мен Жәнібек сұлтандарды өзінің басты  қарсыласы,  хан тағына таласқан бақталас ретінде көреді. Алайда қарт баһадүрден тәлім алған, шайқастың айла-тәсілін  меңгерген сұлтандар қауіп – қатерді еңсеруді үйренеді. Шешуші  ұрыста Керей мен Жәнібек жауларын жеңіп, артынан нөпір халықты ертіп қазақ хандығының негізін салады.

Фильмді шығарған «САҚ-Дала» кинокомпаниясы. Сценарий авторы Сағаділдә Үсіпбалиев, Бақытжан Кұлжабай. Продюсері – Сәбит Әбдіхалықов.

 

 

Әмірлан МӘУЛЕН

«Aikyn.kz»

Бөлісу: