Күні кеше елордалық "Зекет" қорында "Алтын алқалы анаға тосын сый" жобасында 8 баланың анасы Гүлім Рахметоваға құрмет көрсетілді. Жолдасының тұрақты табысы болмағандықтан, ауылда жұмыс, қалада баспана болмағандықтан, әрине, аналарымызға оңай тиіп жатқан жоқ.
"Ұрпақтар сабақтастығы" қазыналы қарттар клубынан Әнияш, Ұлман, Гүлсім әжелеріміз келіп, ақ баталарын беріп, көрген-түйгендерімен бөлісті. "Еңбек бәрін жеңбек" дейді олар. Сондықтан келешекте кәсіп үйрену жағын, азын-аулақ мал бағуды қолға алуды кеңес берді.
"Мейірімділік" қорының атқарушы директоры Дина Қанатқызы естелік сыйлықтарын табыстап, жұмыстарын таныстырды. Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Мөлдір Талғатқызы мейірімділік пен қайырымдылыққа насихаттайтын Ислам дінінің бейбітшіл қыры жайында әңгіме өрбітті.
Жиналғандар Гүлім анамызға қаржылай қолдау көрсетіп, көңілін бір жадыратты. "Балалы үй - базар" екендігін, өнегелі болып өскен ұл мен қыз өмір тауқыметін бір сәтте ұмыттыратындығын, келешектен үміт етіп, ұрпақ тәрбиесіне мән беру керектігін еске салды.
"Қой егіз туса, бір жусан артық өседі" деген халықпыз. Сондықтан ризықты беретін бір Аллаға тәуекел етіп, қазағымыздың көбеюіне үлес қосып жатқан аналарымызға қандай құрмет болсын артық емес!
Зекет қорының баспасөз қызметі