Қарағанды қаласының «Кеншілер» мәдениет сарайында күллі мұсылман халқының қадір тұтар тұлғасы, ардақты Мұхаммед пайғамбар мәулітіне арналған кеш өтті.
«Пайғамбарлыр падишасы» атауымен өткен мәуліт кешіне жиылған жұртшылықтың санында есеп болмады. Тағылымы мол рухани кешке облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, белгілі исламтанушы Ризабек Батталұлы қатысып, жиылған халықты осы бір ұлық мерекемен құттықтады.
Сахна төрінде Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен үзінді ретінде қойылым көрсетіліп, діни термелер айтылып, күй шертілді. Салауат бұрышы қойылып, сансыз салауаттар айтылды.
Дәл осы күні Қарағанды облыстқы орталық мешіті салдырған «Діни сауат ашу орталығының» ашылу салтанаты өтті. Ғимараттың ашылу салтанатында ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы имамдар мен медресенің салынуына ат салысқан демеушілерге алғыс хаттар табыстады. Алдағы уақытта аталмыш сауат ашу орталығында оқушылар Құранға түсіп, араб тілін меңгере алады.
mmet.kz-ақпарат