Астанадағы Көрме сарайында «Eurasian Book Fair – 2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
Шара аясында Қожа Ахмет Яссауидің 850 жылдығына арналған конференция ұйымдастырылды. Конференция жұмысына отандық және шетелдің дін және тарих саласы бойынша білікті мамандары қатысты. Осы қатарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы да баяндама жасап, тақырып төңірегіндегі ой-пікірін айтты. «Қазақ халқының тарих қойнауында ұрпаққа мұра болған құнды жәдігерлер, еңбектер өте көп. Соның бірі әрі бірегейі осы түркі топырағындағы Яссауи бабамыздың туындылары. Бұл күнге дейін ғұламаның жазып кеткен еңбектері жайында біраз зерттеулер жазылды, дегенмен болашақ буын үшін әлі де зерделей түсерлік дүниелер аз емес, бұл бүгінгі және келер ұрпақтың баба алдындағы бір міндеті десек те болады» деп атап өтті Н.Тағанұлы.
Конференцияда баяндама жасаған ғалымдар Яссауи мұраларын жинақтап, біріздендіру, жүйелеп, оқырманға ұсынуға байланысты ұсыныстарын жеткізіп, пікір алмасты.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі