Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қала аумағында мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіруд және жастарымыздың өзге жат ағымдардың жетегінде кетуінің алдын алу мақсатында 27 қыркүйек – 5 қазан аралығында ақпараттық-түсіндіру тобының жоғары оқу орындары студенттерімен кездесуі жоспарланған.
Жоспарға сәйкес, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндірме топтары (АТТ)еліміздегі конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған түсіндіружұмыстарын жүргізді.
Қазақ технология және бизнес университетінде өткен шараға мемлекеттік орган өкілдері, театр басшыларымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Наиб мүфти Н.Тағанұлы жастарға Отан алдындағы азаматтық міндет білім алып, ғылым меңгеру екендігін айтып, қоғам құндылықтарын құрметтеуге шақырды. Сонымен қатар, дәстүрлі дінімізге, салт-санамызға қайшы келетін жат ағымдар жайында маңызды мәліметтерімен бөлісті.
Ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері шара барысында дін саласындағы мемлекеттік саясатқа халықтың сенімін арттырып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру үшін тұщымды баяндамалар жасады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі