Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Нұр-Мүбарак» университетінің ректоры, профессор Жуда Басюниді қабылдады. Бұл жайында аталған оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім, Аппарат жетекшісі Болатбек Абуов, Дін және тәрбие бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Әкімбеков те қатысты. Тараптар ислам университетінің 15 жылдығына арналған халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өткізу мәселелерін талқылады.
«Ислами оқу орындары және олардың теріс түсініктерге қарсы тұрудағы рөлі» атты халықаралық конференцияда негізінен жаңсақ пікірлердің шығу тарихы, араб тілі және діни орталықтар, медреселердің қазақ жеріндегі теріс діни пікірлерді жоюдағы орны, «Нұр-Мүбарак» университетінің тура діни білімді қалыптастырудағы рөлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазақ жеріндегі дәстүрлі ислам дінін дамытудағы орны туралы ауқымды тақырыптар қамтылады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы шет елдік делегациялар, ғалымдар, дін қайраткерлері қатысатын халықаралық басқосуды жоғары деңгейде өткізуге қатысты өз пікірін білдіріп, ұсыныстар жасады. Бұған қоса, айтулы конференцияға ҚМДБ өкіл имамдары, Алматы қаласының имамдары қатысып, мүмкіндігінше шет елдік ғалымдардың білімі мен білігінен тағылым алып, тәжірибе алмасуы жайы да сөз болды.
Сондай-ақ, мамырдың 14-15-де Мысырда өтетін халықаралық конференцияға Қазақстан тарапынан қатысу мәселесін жоспарлады.
ummet.kz-ақпарат