17 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елорданың Есіл ауданында салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатқан құлшылық ордасы еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болмақ. Мешіттің жалпы көлемі 57 мың шаршы метрді құрайды. Саябақ ортасында орналасады. Мұнаралары – 130 метр, ал күмбезінің биіктігі 88,2 метрден асады деп жоспарлануда. 30 мың адамға есептелген мешіттің бүгінде 30 пайызы аяқталған. Мешіт құрылысы 2021 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
Құрылыс жүргізуші мекеме басшыларының айтуынша, мұндай саябақ ортасында орналасқан ірі мешіт кешенінің әлемде баламасы жоқ. Кешеннің астында автотұрақ, мейрамханалар, дүкендер, мұражай орналаспақ.
Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт құрылысын жүргізіп жатқан мекеме басшыларымен жүздесіп, жұмыс барысымен танысты.
– Алла қаласа, бұл жерде сәулетті мешіт тұрғызылады. Елбасы айтқандай, бұл мұсылман қауымының мақтанышына айналатын мешіт болмақ. Сол күнге жетуді Алла нәсіп қылсын! – деген Бас мүфти мешіт құрылысына атсалысып жатқан барша азаматтарға Алладан берекет тілеп, арнайы дұға жасады.