17 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елімізде короновирус індетіне шалдыққандар саны күннен-күнге артып келеді. Ел көлемінде жарияланған төтенше жағдайға сәйкес, халық көп жиналатын орындар уақытша жұмысын тоқтатып, санитарлық режимге көшті, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Дүниежүзін дүрліктірген коронавирус дертінің жайылуына байланысты республикамызда күні кеше төтенше жағдай енгізілген еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймағында, нақтырақ айтқанда, көпшілік жүретін орындар мен әртүрлі ғимараттарға санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирустың алдын алу шараларына қатысты үндеу жариялап, сақтық шараларын күшейтуге шақырған болатын.
Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы ҚМДБ-ның бас ғимаратында да толықтай дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, нысанның кіре берісі мен дәліздеріне антисептикалық құрылғылар орнатылды.
Сонымен бірге аталған талап аясында республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде арнайы залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізіліп, құлшылық ордасының көптеген жерлеріне медициналық тазартқыш сұйықтықтар орнатылды. Атап айтқанда, қызметтік бөлмелер мен төменгі қабаттағы діни заттар дүкеніне, дәретхана мен асхана аумақтарына аталмыш сұйықтық құрылғылары қойылып, келуші жамағатқа да тазалық сақтау талаптары таныстырылуда. Коронавирус дертінен қорғану үшін сақталуы қажет болған гигиеналық ережелер жазылған арнайы парақшалар жабыстырылып, қажетті мағлұматтар ұсынылып отыр.
Еліміздің Бас мешітінен басталған залалсыздандыру шарасы қазіргі уақытта елордамыздағы барлық мешітте жалғасуда.
Алматы қалалық мешіттерінде де қажетті дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, ғибадатхананың іші толығымен залалсыздандырылды.
Бүгін Семей өңірі бойынша мешіттерде арнайы залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізіліп, құлшылық ордаларының көптеген жеріне медициналық тазартқыш сұйықтықтар орнатылды.
Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және т.б. облыстардағы құлшылық орындарында жаппай тазалық пен қауіпсіздік шаралары қатаң қадағалануда.