10 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Бурабай бөктерінде орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына арнайы ат басын тіреді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Кездесуде Халықаралық қатынас және хаттама бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі және облыстық орталық «Науан Хазрет» мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы директорының орынбасары Қуат Нұрмұханов және Бауыржан Әлиұлы болды.
Бас мүфти балаларға өзара мейірбан, қамқор, әдепті болуды, денсаулықтың қадірін білуді насихат етті.
«Біз мазмұнды, мағыналы өмір сүру үшін бейбіт отанымыздың қадірін түсіне алатын, еңбеккор адам болуымыз керек. Ата-анасын сыйлайтын, әрбір істің қадіріне жететін, ортақ үйі – Отанының патриоты мен тіреуі бола алатын, өзгеге өнеге көрсете алатын тұлға болуымыз керек», - деді Серікбай қажы Ораз.
Кездесу барысында оқушылар көкейдегі сауалдарын қойып, ақжарма тілектерін жеткізді. Сондай-ақ жиында сөз алған белгілі ұстаз Бауыржан Әлиұлы оқушыларға дініміздегі білім алудың маңыздылығын баяндап берді.