1 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстанда мекенжай анықтамасы жойылды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді беру ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі болып саналады. Жыл сайын халық құжаттарды, жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да қызметтерді алу үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Азаматтар жұмысқа, мектептерге, балабақшаларға, емханаларға, банктерге және тағы басқа жерлерге орналасу кезінде үнемі ХҚКО-на, мемлекеттік органдарға жүгінуге мәжбүр болады, кезекте көп уақытын жоғалтады», - деп атап өтеді министрліктен.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ішкі істер министрлігі өз деректер базасын басқа мемлекеттік органдармен біріктірген. Бұл халыққа мемлекеттік қызмет көрсету тетігін жеңілдетті. Атап айтқанда, мекенжай анықтамаларын беру толығымен алынып тасталды.
Себебі бұл деректер барлық мемлекеттік органдардың базасында бар. «Мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқарту және қағазбастылықты азайту мақсатында мекенжай анықтамасы енді сұралмайды. Қазір нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілуде.
Бұл ретте азаматтардың өздері тіркеу мекенжайы туралы мәліметтерді «Электрондық үкімет»порталындағы жеке кабинетінде тексере алады. Тұрғын үй иелері сондай-ақ портал немесе «Электрондық үкіметтің» мобильдік қосымшасы арқылы өз үйінде тіркелген адамдар туралы мәліметтерді тексере алады», - деп атап өтеді ведомстводан.
Мекенжай анықтамаларын берудің күшін жою артық қағаз құжат айналымын қысқартады және азаматтарға анықтама алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Бұдан басқа, ІІМ азаматтарды тіркеуге байланысты басқа да бірқатар мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, оңтайландырды. Жыл соңына дейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ІІМ халыққа тағы 8 қызмет көрсетуді электрондық форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Осылайша, ІІМ-нің халыққа көрсететін мемлекеттік қызметтердің шамамен 90 пайызы автоматтандырылатын болады.