25 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Құнанбай музейі ашылады. Бұл туралы Үкімет жетекшісінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың осы өңірге жасаған сапары барысында айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі хабарлайды.
Вице-премьер алдымен Семей қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, халықпен кездесті.
Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында айтылған басым бағыттар әңгімеленіп, келер жылғы қазақтың бас ақынының 175 жылдық тойына дайындық жайы сөз болды.
Бердібек Сапарбаев Семейде жедел жәрдем ауруханасының жұмысымен, ондағы жақында ашылып, сәтті жұмыс істеп тұрған гибридтік операция залымен танысты.
Мұнан кейін электротехникалық колледждегі атқарылып жатқан ілкімді жобаларды көріп, ұстаздар қауымымен жүздесті. Ал қала халқымен өткен басқосуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған міндеттер егжей-тегжейлі баяндалды.
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапары Семей қаласынан кейін Абай ауданында жалғасын тапты. Мұнда ол бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көріп, халықпен кездесті.
Онан кейін ат басын Жидебайға тіреп, осында келесі жылы өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық барысын пысықтап көрді.
Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік делегация мұнда да аурухана, мектеп сияқты нысандарды аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты.
Ең маңыздысы, данышпан ақынның туған жерінде келесі жылы маңызды науқан. Ақынның ұрпақтары және ауыл ақсақалдарымен кездесуде 175 жылдың мерейтойдың ел мерейін үстем етер берекенің бастауы екені баса айтылды.
Жидебайда өткен басқосуда хакім Абайдың мұраларын ұрпақ жадында қалдырып, шетелге насихаттау жоспары да айқындалды.
–Жоспардың бірі – Құнанбай атамыздың музейі. Снымен қатар абаттандыру жұмыстарын, ұрпаққа үлгі шараларды қарастырып жатырмыз, - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.