23 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз, Бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Мәскеу қаласында басталған «Ислам жаһандық әлемде: Мұсылман мирасы және мәдениетаралық диалог» атты халықаралық конференцияға қатысуда. Бұл туралы muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі хабарлайды.
Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өз жұмысын бастаған конференция Мәскеу Собор мешітінің 115, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 25 жыл, Мәскеу Ислам институтына 20 жыл мерейтойы аясында өтуде.
Ашылу салтанатында сөз алған Бас мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы:
«Қазақ халқында: «Досты таңдайсың, ал көршіні Құдай қосады», – деген нақыл сөз бар. Ресей – Құдай қосқан көршіміз. Ресейде тұратын миллиондаған мұсылман үмбетін үлкен тарихи оқиғалар күтіп тұр. Ол – Мәскеу Собор мешітінің 115, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 25 жыл, Мәскеу Ислам институтына 20 жыл. Сіздерді осынау айтулы мерекелеріңізбен құттықтаймын. Алла Тағала баршамызды осындай берекелі басқосуларда кездестіріп, игі де ізгі істің басы-қасында болуды жазғай! Жаратушы Иеміз Құранда бұйырғандай, жақсы істе, тақуалықта бір-бірімізге көмекші болуды нәсіп еткей!» – деп атап өтті.
Конференция жоспарына сай, ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі жайлы, дінаралық диалогтың мәні мен мақсаты туралы баяндама жасайды.
Конференция жұмысы ертең де жалғасады.