19 қыркүйек. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVIII отырысы аясында Дариға Назарбаева діни көшбасшылардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Сенат Төрағасы, Хатшылық басшысы Дариға Назарбаева Ватикан мемлекетінің Дінаралық диалог жөніндегі Папа Кеңесі ислам мәселелері жөніндегі бюросының басшысы, монсеньор Халед Акашемен кездесуде еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудаға қазақстандық католиктердің үлесін атап өтті.
Х.Акашенің айтуынша Киелі Тақ әлемдегі конфессияаралық және дінаралық келісімді ұдайы қолдап келеді. Сондықтан қазіргі кезде Папа кеңесі конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығымен ынтымақтастық меморандумын жасауға байланысты жұмыстар жүріп жатыр.
Папа кеңесінің өкілі Халед Акаше сондай-ақ 2001 жылы Рим Папасының Қазақстанға келгенін айта келіп, бұл тарихи сапардың өткеніне 20 жыл толғанын атап өтті. Осыған орай 2021 жылы өтетін VII Съезге понтификтің келуі ықтимал.
Хатшылық басшысы Израильдің ашкеназийлік Бас раввинінің өкілі, Нетания орталығының раввині М.Лау және Израильдің сефардтық Бас раввинінің өкілі, Иерусалимдегі Оңтүстік Америка қауымының раввині И.Лоринцпен кездесуде Хатшылықтың алдағы жоспарлары туралы сөз етті. Сенат Төрағасының айтуынша осы жылдар аралығында Съезд сенім және өзара түсіністік шараларын қалыптастырудың ерекше алаңына айналды.
«Осы елде өткізген бірнеше сағатта барлық дін және ұлт өкілдеріне көрсетілген жылы шырай мен достық пейілге куә болдық. Сіз басқарып отырған Хатшылық әлемді толғандырып отырған конфессияаралық және дінаралық тақырыптарды талқылауға дайын екенін көрсетті. Бұл үнқатысу алаңы қазіргі кездегі барлық келеңсіздіктерге тойтарыс бере алатын қорған болатынына үміт артамыз», - деп атап өтті Израильдің ашкеназийлік Бас раввинінің өкілі, Нетания орталығының раввині М.Лау.
Қытай буддашылар қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Ши Чунвен жаңадан құрылған Конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамытудың Н.Назарбаев орталығының жұмысын атап өтіп, Қытай Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жоғары бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді.
Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі жұмысының маңызын атап өтті.
«Бүгінгі күні Съезд - барлық діндер, халықаралық ұйымдар, саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын қосқан ерекше өкілетті үнқатысу алаңы. Діни көшбасшылардың кездесуі жақсы дәстүр болып отыр. Алғашында жаңалық болғаны рас. Бүгінгі күні барлығы да мүмкін екеніне куә болдық. Бастысы – түзу ниет», - деді Д.Назарбаева.